Шекарасыз ынтымақтастық: академияда бірлескен білім беру бағдарламалары талқыланды
2025 жылдың сәуір айында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту аясында Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің (БММУ) делегациясын қабылдады. Сапар барысында медицина және фармация саласындағы мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған БММУ мен ОҚМА арасындағы бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі - қонақтардың «Медицина мен фармациядағы заманауи білім беру технологиялары: болашақтағы талаптар мен перспективалар» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция жұмысына қатысуы болды.
Пленарлық отырыста «Бірлескен білім беру бағдарламалары: тәжірибе және даму перспективалары» тақырыбында Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің оқу-әдістемелік басқармасының бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты Мельникова Алевтина Яковлевна баяндама жасады. Өз сөзінде ол бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру және іске асыру мәселелерін, сондай-ақ олардың қазіргі жағдайда даму перспективаларын атап өтті.
Сондай-ақ, конференция аясында «Шет елдер үшін Ұлттық кадрларды даярлаудың заманауи технологиялары» тақырыбында Санкт-Петербург мемлекеттік химия-фармацевтика университетінің білім беру бағдарламалары бойынша ТМД жоғары оқу орындарымен жұмыс істеу департаментінің басшысы, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент Казакова Виктория Сергеевна онлайн-баяндама жасады. Ол халықаралық білім беру бастамаларының маңыздылығын және шетелде жұмыс істеу үшін мамандар даярлаудағы заманауи технологиялардың рөлін атап өтті.
Сапар аясында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Мария Ұласбекқызы Анартаевамен және фармация факультетінің деканы Ғалия Жанбурбайқызы Өмірзақовамен кездесу өтті. Келіссөздер барысында жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, заманауи білім беру технологияларын енгізу, академиялық ұтқырлық бағдарламасын кеңейту, сондай-ақ бірлескен білім беру жобаларының егжей-тегжейлері талқыланды.
Сапардың ең маңызды бөлігі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Башқұрт мемлекеттік медицина университеті арасында бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыру туралы шартқа қол қою болды. Құжатқа ОҚМА ректоры Жанна Серікжанқызы Сейтжанова және БММУ ресми өкілдері қол қойды, бұл екі білім беру мекемесі арасындағы серіктестік қатынастарды дамытудың жаңа кезеңін білдіреді.
Мұндай іс-шаралар академиялық ынтымақтастықты дамыту, озық тәжірибелермен алмасу және халықаралық білім беру аренасында позицияларды нығайту үшін маңызды платформа болып табылады. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы әріптестеріне жемісті жұмысы үшін алғыс білдіреді және қол жеткізілген уағдаластықтар табысты ұзақ мерзімді өзара іс-қимыл үшін берік негіз болатынына сенімді.
