«Есту анатомиясы»: Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасының постерлік баяндамасы халықаралық конференцияда үздіктер қатарында танылды
2025 жылдың 25 сәуірінде Ресей Федерациясының Астрахань қаласында студенттер мен жас ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы — «Есту анатомиясы» өтті. Іс-шара есту қабылдауы мәселелерімен байланысты анатомия, физиология, неврология және соған жақын ғылым салаларының өзекті тақырыптарын қамтып, әлемнің түкпір-түкпірінен жас зерттеушілерді біріктірді.
Қазақстан атынан бұл конференцияға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасының студенттері мен қызметкерлері қатысты: ІЖТДО-30-24 тобының 6-курс дәрігер-интерні Махамбетали Руслан, кафедра ассистенттері Толебаева Гаухар Ерузаховна және Раманова Гулнафис Бақытжанқызы.
Ғылыми жетекшілері — кафедра доценттері Мустапаева Гульнара Абдымажитовна мен Полукчи Татьяна Васильевна.
Команда «Нейропластика және есту: Паркинсон ауруы дыбысты қабылдауды қалай өзгертеді?» тақырыбында постерлік баяндама ұсынды. Жұмыста нейродегенеративті үдерістердің есту қызметіне әсер етуі сияқты күрделі де маңызды мәселе қозғалды. Бұл зерттеу конференцияға қатысушылар мен қазылар алқасының ерекше қызығушылығын тудырып, ғылыми жаңашылдығы мен клиникалық маңыздылығы тұрғысынан жоғары бағаланды. Ұсынылған 30 постерлік баяндаманың ішінен бұл жұмыс бірінші орынды иеленді — бұл біздің жас ғалымдарымыздың зерттеушілік және кәсіби әлеуетінің лайықты мойындалуы болды.
«Есту анатомиясы» конференциясы тек білім алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар кафедра студенттері мен оқытушыларының жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Неврология және нейрохирургия кафедрасына (жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру курсы бар); Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Астрахань мемлекеттік медицина университетінің анатомия кафедрасына; Малайзия, SARAWAK университетінің (UNIMAS) іргелі медициналық ғылымдар кафедрасына; және Астрахань мемлекеттік филармониясына қатысу мүмкіндігі, кәсіби қолдау мен жемісті ынтымақтастық үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз!
