
2026 жылғы 24 қарашада «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының оқытушысы А.Б. Турматованың ұйымдастыруымен ВМ-МҚАБ-10-26 және ВМ-СҚАБ-03-26 топтарының білім алушылары арасында «Зорлық-зомбылықты таны және үнсіз қалма» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – білім алушыларға зорлық-зомбылықтың түрлері мен белгілері туралы түсінік беру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және зорлық-зомбылық жағдайында үнсіз қалмай, дер кезінде көмекке жүгінудің маңызын түсіндіру.
Тәрбие сағаты барысында физикалық, психологиялық, экономикалық және киберзорлық-зомбылықтың ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді. Қысым көрсету, қорқыту, кемсіту, бопсалау және интернет кеңістігіндегі қудалау жағдайлары талқыланып, мұндай әрекеттердің адам өмірі мен психологиялық жағдайына тигізетін кері әсері айтылды. Сондай-ақ білім алушыларға зорлық-зомбылыққа тап болған немесе оған куә болған жағдайда сенімді адамдарға, оқу орнының жауапты мамандарына және тиісті құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу барысында білім алушылар өз ойларын ортаға салып, сұрақтарына жауап алды. Тәрбие сағаты өзара сыйластықты, жауапкершілікті және қауіпсіз орта қалыптастыру әрбір адамның белсенді ұстанымына байланысты екендігін ұғындыруға ықпал етті. Іс-шара соңында қатысушылар зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік танытып, мұндай жағдайларға бейжай қарамаудың маңызын атап өтті.