Академия оқытушылары, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор С.К. Ордабаева және фармацевтика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Д. Серікбаева И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің (Сеченов университеті, Мәскеу қ.) А.П. Нелюбин атындағы Фармация институтының А.П. Арзамасцев атындағы фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы базасында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асырды.
Академиялық ұтқырлықтың мақсаты педагогикалық және ғылыми-педагогикалық тәжірибемен алмасу, алдыңғы қатарлы медициналық университеттегі білім беру үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысу, фармацевтикалық және токсикологиялық химия пәндерін оқытуды жетілдіру, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылды.

Бағдарлама аясында оқытушылар «Фармация» білім беру бағдарламасының 4-5 курс білім алушыларына арналған дәріс, практикалық және зертханалық сабақтарға, аралық бақылау және тәжірибелік дағдыларын аттестаттауға қатысты.

Проф.Ордабаева С.К. фармацевтикалық химия және дәрілік заттарды стандарттау бағыттары бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, ароматты және гетероциклді дәрілік заттарды, оның ішінде бензолсульфаниламидтер, арилалкиламиндер, фуран, пиррол және бензопиран туындыларын талдау; таблеткаланған және инъекциялық дәрілік түрлерді сынауға қойылатын бірыңғайланған талаптар; «Ыдырағыштық», «Еру», «Дозалау біркелкілігі» және басқа да жалпы фармакопеялық сынақтар қарастырылды.

Асс. проф. Серікбаева А.Д. химия-токсикологиялық талдау бағыты бойынша жұмыс жүргізді. Басты назар «металдық» және «ұшқыш» улардың алдын-ала сынамаларын дайындауға және талдауға, элементтік талдаудың заманауи физика-химиялық әдістеріне, көміртек монооксидіне химия-токсикологиялық талдау жүргізуге, сондай-ақ биохимиялық токсикология, токсикокинетика және токсиканттардың биотрансформациясы мәселелеріне аударылды. Бағдарламаның едәуір бөлігі білім алушылардың практикалық дағдыларын бекітуге бағытталды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бейіндік пәндер бойынша дәріс, зертхана-практикалық сабақтарды ұйымдастыру тәжірибесімен алмасу жүзеге асырылды; қабылдаушы университет кафедрасында білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыру мен бағалауды ұйымдастыру ерекшеліктері қарастырылды; заманауи талдау әдістері, фармакопеялық талаптар және білім беру үдерісін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша білім жетілдірілді; кәсіби байланыстар кеңейтіліп, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті арасындағы алдағы оқу-әдістемелік және ғылыми ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды.

Қорыта айтқанда, академиялық ұтқырлық бағдарламасы толық көлемде жүзеге асырылды. Оқытушылардың бағдарламаға қатысуы олардың кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге, озық педагогикалық тәжірибелермен алмасуға және жоғары оқу орындары арасындағы академиялық серіктестікті нығайтуға ықпал етті. Жинақталған тәжірибені кафедра пәндерінің мазмұнын, практикалық тапсырмалар мен оқу-әдістемелік материалдарды жаңарту барысында пайдалану ұсынылады.
