
2026 жылдың 12 қарашасында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Халықаралық радиологтар күніне орай Фтизиопульмонология және радиология кафедрасы мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ЖДП-1 кафедрасы бірлесе отырып, радиология мамандығы бойынша резиденттер арасында «Радиологиядағы интеллектуалды көкпар» атты біліктілік сайысын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – резиденттердің радиология саласындағы теориялық білімін, радиологиялық кескіндерді талдау және интерпретациялау дағдыларын, клиникалық ойлау қабілеті мен дәлелді диагностикалық шешім қабылдау құзыреттерін дамыту.

Сайысқа екі жоғары оқу орнынан 1 және 2-курс резиденттерінен құралған төрт команда қатысты. Қатысушылар бес кезең бойынша өз білімдері мен кәсіби шеберліктерін көрсетті: «Білім додасы», «Кескін сөйлейді», «Клиникалық көкпар», «Жедел шешім» және «Радиологтың кәсіби таңдауы».
Сайыс барысында резиденттер теориялық білімдерін, радиологиялық кескіндерді интерпретациялау, клиникалық жағдайларды талдау, дифференциалды диагностика жүргізу және шұғыл жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін танытты.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
* I орын – ОҚМА-ның «Конрад» командасы;
* II орын – ОҚМА-ның «Радиант» командасы;
* III орын – ХҚТУ-дың «Арыстанбаб» командасы.
Сонымен қатар, ХҚТУ резиденті Махкамбаев Диас «Үздік интеллектуалды көкпаршы» номинациясымен марапатталды.
Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге және академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
«Радиологиядағы интеллектуалды көкпар» сайысын алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама болашақ радиолог мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған.