Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «Қайырымдылық - адамгершілік п...
10 қараша 2026
1
0
0

«Қайырымдылық - адамгершілік пен мейірімділік бастауы»

«Жалпы тәжірибелі дәрігер-2» кафедрасының ұйымдастыруымен кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Досыбаева Гүлжан Нұрбекқызы және кафедра оқытушысы, медицина ғылымдарының магистрі, жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт Тасқынова Мая Әділбекқызының жетекшілігімен Шымкент қаласындағы «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында» әлеуметтік-ағартушылық және қайырымдылық іс-шарасы өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында медициналық сауаттылықты арттыру, денсаулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіру, дұрыс тамақтану қағидаларын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу, сондай-ақ орталық тәрбиеленушілеріне рухани және әлеуметтік қолдау көрсету.

Іс-шараға ІЖТДҚ-17-26 және ІЖТДҚ-19-26, ІЖТДҚ-26-26 топтарының дәрігер-интерндері қатысып, орталық тәрбиеленушілеріне арнайы дайындалған тақырыптар бойынша дәрістер өткізді.

ІЖТДҚ-19-26 тобы «Дұрыс тамақтану» тақырыбында ақпараттық дәріс оқыды. Лекция барысында балаларға тағамның құнарлылығы, ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдар, пайдалы тағам түрлері, дұрыс тамақтану тәртібі және күнделікті су тұтынудың маңыздылығы туралы кеңінен түсіндірілді.

ІЖТДҚ-17-26 тобы «Зиянды әдеттер және семіздік» тақырыбында дәріс өткізді. Кездесу барысында зиянды әдеттердің адам ағзасына әсері, олардың салдарынан туындайтын аурулар, семіздіктің даму себептері мен қауіп факторлары, сондай-ақ оның алдын алу шаралары талқыланды. Балаларға белсенді өмір салтын ұстану, спортпен айналысу және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қажеттілігі түсіндірілді.

Дәрістің барысында балаларға тақырыпқа сәйкес ақпараттар ұсынылып, өзара пікір алмасу және сұрақ-жауап жүргізілді. Балалар белсенділік танытып, қызығушылықпен қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Сонымен қатар, іс-шараның тәрбиелік және әлеуметтік маңызын арттыру мақсатында балаларға ерекше көңіл бөлініп, жылы қарым-қатынас орнатылды. Қайырымдылық шарасы аясында орталық тәрбиеленушілеріне арнайы дайындалған сыйлықтар табысталып, балаларға қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйланды.

Кездесу барысында орталық директоры Байдерова Эльвира Алпатқызымен алдағы уақыттағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, орталық тәрбиеленушілеріне тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсету, қайырымдылық және ағартушылық бағыттағы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру,дәрістер оқу жөнінде пікір алмасып, алдағы уақытта өзара ынтымақтастық туралы келісім жасасу мәселесі қарастырылды.

Аталған іс-шара балалардың денсаулық сақтау саласындағы білімін жетілдіруге, салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыруға және аурулардың алдын алу жөніндегі түсінігін қалыптастыруға бағытталды.

Іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, өз мақсатына жетті. Осындай кездесулер болашақ дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың әлеуметтік жауапкершілігін, мейірімділік және адамгершілік қасиеттерін дамытуда маңызды рөл атқарады.

Пікірлер орны (0)