
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліс басында оқу орнының ғылыми және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Нұрлан Аукенов академия ұжымы атынан ОҚМА ректоры Жанна Сейтжанованы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Саланы дамытқаны үшін» төсбелгісімен марапатталуымен құттықтады.
Салтанатты бөлімде мәжіліске қатысушылар ОҚМА жанындағы «Медицина» білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңесте диссертацияларын сәтті қорғаған Назым Туктиеваны, Майра Мадиеваны және Дильбар Айдарбекованы құттықтады.
Сондай-ақ, талантты білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына жоғары деңгейде даярлағаны үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Ордабаеваға құрмет көрсетілді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша ректор Ж.С. Сейтжанова ОҚМА-ның 2025-2026 оқу жылындағы қызмет қорытындылары және 2026-2027 оқу жылына арналған басым міндеттері туралы баяндама жасады.
Мәжіліс барысында академиядағы ғылыми-зерттеу қызметінің жағдайы мен нәтижелілігін арттыру, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстары, патенттеу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және индустриялық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Ғылыми кеңес шешімімен магистранттардың диссертациялық жұмыстары мен ғылыми жобаларының тақырыптары және ғылыми жетекшілері бекітілді. Сонымен қатар, білім алушыларға арналған онлайн курстар, ғылыми монографиялар және күн тәртібіне енгізілген басқа да оқу-әдістемелік әрі ғылыми еңбектер қаралып, бекітілді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті шешімдер қабылданып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.