
2026 жылдың 5 қарашасында «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ Микробиология, аллергология және иммунология кафедрасының ұйымдастыруымен «Антибиотиктерге төзімділік және микробқа қарсы химиотерапия тактикасы» тақырыбында ІІ халықаралық ғылыми конференция өтті.
Конференцияның негізгі мақсаты – антибиотиктерге төзімділіктің өзекті мәселелерін талқылау, микробқа қарсы препараттарды ұтымды қолданудың заманауи тәсілдерін қарастыру, ғылыми тәжірибе алмасу және білім алушылардың ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыру.
Халықаралық конференция онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылып, оған Қазақстан мен Өзбекстанның медициналық білім беру ұйымдарының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, практикалық денсаулық сақтау мамандары және білім алушылар қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы медицина факультетінің деканы Сейдахметова Айзад Ашимхановна құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының» бактериологиялық зертхана меңгерушісі Кульжанова Қалдыкүл Жаппаровна және ШЖҚ «Қалалық перинаталдық орталығының» бактериологиялық зертхана бөлімінің меңгерушісі, «BAILAB» зертханасының директоры Қарабасова Ботакөз Кенжекуловна сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Конференцияның ғылыми бөлімінде антибиотиктерге төзімділіктің молекулалық механизмдері, бактериялық плазмидалардың рөлі, антимикробтық препараттарды ұтымды қолдану, бактериофагтар мен баламалы емдеу стратегиялары, инфекциялық бақылау, заманауи экспресс-диагностика және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу мәселелері қарастырылды.
Өзбекстан Республикасының Үргеніш мемлекеттік медицина институты мен Маъмун университетінің өкілдері де ғылыми баяндамалар ұсынып, халықаралық тәжірибе алмасуға атсалысты.
Конференция барысында білім алушылар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Конференция қорытындысы бойынша үздік баяндамалар анықталып, жеңімпаздар дипломдармен марапатталды:
• І дәрежелі диплом – Жансая Темірбек;
• ІІ дәрежелі диплом – Бекмурат Балжан;
• ІІІ дәрежелі диплом – Ибрагим Зумрат;
• «Үздік баяндама» номинациясы – Максутханова Аяулым.
Жеңімпаздардың ғылыми ізденістері мен зерттеу жұмыстары жоғары бағаланып, конференцияға белсенді қатысқан білім алушыларға алғыс білдірілді.
Іс-шара соңында Микробиология, аллергология және иммунология кафедрасының меңгерушісі Сейтханова Бибігүл Төлегенқызы қорытынды сөз сөйлеп, конференция қатысушыларына, құрметті қонақтарға және баяндамашыларға алғысын білдірді.
Аталған халықаралық конференция білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға, медициналық білім мен практикалық денсаулық сақтау арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ антибиотиктерді ұтымды қолдану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды ғылыми алаң болды.