
2026 жылғы 17 қарашада Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Отбасылық медицина кафедрасының ұйымдастыруымен, Шымкент қалалық №1 емханасының дәрігерлері және Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты М. Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектебінің бірлесуімен «Адам өміріне махаббат» тақырыбында профилактикалық іс-шара өтті.
Іс-шара барысында Отбасылық медицина кафедрасының ассистенті, жоғары санатты дәрігер К. Аташова және ІТО 14-26 тәлімгерлік тобы аталған мектептің 8–9 сынып оқушыларына «Салауатты өмір – нұрлы болашақ» тақырыбында дәрігерлік-ағарту презентациясын ұсынды.
Кездесу аясында интерн-дәрігерлер Н. Л. Хабибуллаев пен Б. В. Хан баяндама жасап, зиянды әдеттер мен түрлі тәуелділіктердің адам денсаулығына тигізетін кері әсері, бүгінгі таңдағы жастар арасындағы өзекті статистика және тәуелділікке тартатын алғашқы қызықтыру тетіктерінің айлалы әрекеттері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар оқушылармен салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шараның басты мақсаты мен маңыздылығы — жасөспірім кезеңде оқушылардың зиянды әдеттер мен тәуелділіктер туралы түсінігін кеңейту, сыртқы теріс ықпалдарға қарсы тұру дағдысын дамыту және денсаулықты сақтауға бағытталған салауатты өмір салтын қалыптастыру. «ОҚМА – емхана – мектеп» бағытындағы мұндай бірлескен жұмыс ерте профилактиканы күшейтуге және болашақ дәрігерлердің халықпен санитарлық-ағарту жұмысын жүргізу біліктілігін арттыруға зор үлес қосады.