Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Адал білімнен – кәсіби этикаға
3 қараша 2026
1
0
0

Адал білімнен – кәсіби этикаға

2026 жылдың қазан айында Фармакология, фармакотерапия және клиникалық фармакология кафедрасында ВМ-МША-09-23 тобы білім алушыларының қатысуымен академиялық адалдықты қолдауға арналған іс-шара өткізілді. Іс-шараға топ тәлімгері Туреханова А.С. және кафедраның өзге де тәлімгерлері қатысты.
Кездесу барысында білім алушылар академиялық адалдық қағидаттарын қолдайтындарын білдіріп, оның сапалы білім алу мен болашақ маманның кәсіби этикасын қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Білім алушы Карман Кирмани академиялық адалдықты қолдауға бағытталған дәріс оқып, студенттердің құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат берді.
Топ білім алушылары плагиатқа, көшіруге, жалған ақпарат ұсынуға, емтихан тәртібін бұзуға және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол бермеу ұстанымын қолдайтындарын білдірді. Сонымен қатар, олар жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен және академиялық талаптарға сәйкес пайдаланудың маңызын талқылады.
Осындай бастамалар саналы таңдау жасауға, өз еңбегіне адал болуға және кәсіби ортада жоғары моральдық ұстанымдарды басшылыққа алуға жол ашады. Өйткені аудиторияда қалыптасқан жауапкершілік пен әділдік болашақ маманның кәсіби беделі мен қоғам сенімінің берік негізіне айналады.

Пікірлер орны (0)