Ташкент қаласындағы тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеулік экскурсиясы
"Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер" кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы Ташкент қаласына тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеулік экскурсиясын ұйымдастырды.
Мақсаты: Жобаға-бағдарланған оқытуды іске асыру жоспары негізінде «Қазақстандықтардың ұлтаралық келісімі – тәуелсіздік пен демократияны нығайтудың кепілі» атты тақырыптың аясында Өзбекстан Республикасының тарихи мұраларымен танысу болып табылады. Ташкент сапары – Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті бай, көп ғасырлық дәстүрлерге ие қалаға саяхат жасаудың тамаша мүмкіндігі. Ташкент өзінің көне тарихи орындары, мәдени және рухани мұрасы, сондай-ақ заманауи дамуы арқылы туристерді тартады. Мұнда ежелгі және жаңа заманның үйлесімі ерекше байқалады, бұл қалаға ерекше тартымдылық береді.
Экскурсия барысында Ташкент қаласында орналасқан Шейхантаур кесенесінен бастау алынды. Шейхантаур кесенесі - Ташкентте осы уақытқа дейін сақталған ең көне мемориалдық кешен. Бұл кешеннің басты ерекшелігі - мұнда қазақ халқының қара қылды қақ жарған әділ биі Төле би Әлібекұлы жерленген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қарлығаш би кесенесі, жергілікті жұрт биді осылай атайтын, қазақтар мен жақын аймақтардан келетіндер үшін ерекше құрметке ие болды. Шейхантаур кесенесінің ішінде биік қураған ағаш бар, ол күмбезге дейін тіреледі. Кесене қараушысының айтуынша, бұл ағаш Ескендір (Александр Макендонский - авт. түсіндірмесі) сауыры деп аталады екен. Ол Александр Македонский Орталық Азияға барған кезінде еккен 48 саурдан (арша қылқанының түрі) қалған жалғыз дана ағаш. Тарихи сапар барысында Ташкент қаласының ұлттық саябақтарымен, тарихи мұражайларымен жергілікті халықтың қолөнер бұйымдары және салт-дәстүрлерімен кеңінен таныстық. Саяхат тек тарихи нысандарды аралау және олармен танысумен шектелмей, әрі қарай ғылыми-көпшілік бағдарламаларымен жалғасын тапты.
Бұл экскурсияның танымдық қызметімен бірге тәрбиелік, сауықтырушылық мәні зор болды. Тарих саласы мен ой-танымдық мәдениетіне және шынайы тәжірибе алмасуға бағытталған бұл саяхат көпке үлгі болары сөзсіз.
