Беларусь елінен құрметті қонақ – Сушинский Вадим Эдуардович біздің академияда

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының қолдауымен және ВОП-2 кафедрасының ұйымдастыруымен Беларусь мемлекеттік медициналық университетінің терапия кафедрасының доценті, Денсаулық сақтау мамандарын қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының өкілі Сушинский Вадим Эдуардович академиямызға арнайы іс-сапармен келді.

Сушинский Вадим Эдуардович – денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі маман, жалпы дәрігерлік практика мен терапияның дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан беделді ғалым және білікті ұйымдастырушы.

Денсаулық сақтау мамандарын қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының өкілі Сушинский Вадим Эдуардович Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейтжановамен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар медициналық білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту және болашақ медицина мамандарын даярлауда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Іс-сапар барысында қонақ академияның қызметімен танысып, мұражайлар мен жаңа кітапхананы аралады. Сонымен қатар, интерндер, резиденттер, магистранттар және қала мен облыстың практикалық дәрігерлермен кездесу өткізіп, визитинг-дәріс оқыды.
Бұл кездесуде қонақ өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Осындай халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу болашақ медицина мамандарының біліктілігін арттыруға және академияның ғылыми әлеуетін дамытуға зор үлес қосады.

11.03.2025, 17:27
138 қаралым